|
1982 жылы тарихи материалдар жинау мақсатымен Ембі ауданында болғаным бар. Осы сапарда абзал азаматтарды іздестіру үстінде Тағанов Ашығалы деген қариямен кездестім. Ұзын бойлы, әлі де қызыл шырайдан арылмаған қария бізді күлімсіреген жарқын жүзбен қарсы алды. Ол 1903 жылы Жылой ауданында (қазіргі Ембі) қарасты Қызылқала ауылында кедей семьясында дүниеге келеді. Әкесі Құлжан сіңірі шыққан кедей болады. Ол кіші ұлы Ашығалыға зор үмір артып, әркімнен түскен тиын- тебенін беріп, жергілікті молдаға сауатын аштырып, кейін Жылойдағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға береді.
Ол 1916 жылы осы училищеде оқып жүргенде, 13 жасында патшаның июнь жарлығына ұшырап, бірінші дүниежүзілік соғыс окоптарындағы қара жұмысқа алына жаздап, қалады. Оның себебі -жергілікті байлар өз балаларын алып қалып, олардың орнына Ашығалы сияқты кедей балаларын жіберуді көздеп, 13 жасар Ашығалыны 19 жаста деп көрсетеді. Алайда, училище басшылары оның оның оқушы, 13 жасар екенін дәлелдеп, әрең алырп қалады. Ол сонда да екі рет Гурьевтің дәмін татады. Ашекең мұнда үш жылдай оқып, әкесімен бірге балық аулайды.
1920 жылы Жылой өңірі ақ қазақтардан азат етіліп, күзде Қазақ АССР-ы құрылғаннан кейін, ол сауатты жас ретінде халық үкіметіне қызметке кіреді. 17 жасар жігерлі балаң жігіт жаңа құрылған ауылдық советтерге хатшы болып орналасады да, екі жылдан кейін Гурьевтегі статбюроға есепші болып жоғарлатылады. Ал кейін ол Жылой ауданы құрылғанда халық соты және аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып, финанс бөлімін меңгереді. Ашекең жауапты қызметтерде болумен қатар, Орталық статистика Басқармасының жұмысына қол ұшын беріп, 1926 жылғы халық санағы кезінде, сондай-ақ 1937-1939 жылдары нұсқаушы- бақылаушы, санақ жүргізу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін қоғамдық негізде атқарады. Ол осы уақытта тарихи мәліметтер жинаумен, өлең жазумен де шұғылданады.
1935 жылы Жылой аудандық газетінде оның "Жемнің болашағы кең" атты проблемалық мақаласы жарық көреді. Сол жылы ол аудандық советтің грамотасына екі дүркін ие болады, оның бірі- меншікті қызметіндегі келелі табыстарына орай берілсе, екіншісін баспасөз жұмысына белсене араласқаны үшін алған еді.
Ол Ұлы Отан соғысы басталған кезде облыстық газетке "Өтен батыр" атты мақала жариялап, дұшпанға деген ызы-кегін білдіріп, халыққа жігер берді. Ал арада бір жыл өтпей, ол қолына қару алып, майданға аттанды. Ашекең көп кешікпей- ақ, Алексинода жаумен бетпе- бет шайқасты. Сұрапыл майдан да жүрсе де, ұрыстан қолы босаған кезде күнделік жазып, майдангерлердің ерлік жолдарын, елге деген сағынышын өлеңмен білдіруге тырысты. Мысалы, ол төрт жылға жуық уақыт ішінде елге бірнеше шағын өлеңдерін жолдайды. Олар - "Майданнан хат", "Досыма", "Шабуыл", "Солдат жауабы", "Ұлы Ембі", "Жайратаық немісті, тездетейік жеңісті", "Жау жаншылып жеңілер, Жеңіс Туы желбірер" және басқалар. Сондай-ақ қара сөзбен жазылған естеліктері де аз емес. 1942 жылдың суық күзі. Ноябрь айының 26- сы болатын. Тағановтың әскери бөлімшесі Алексино түбінде жауға қарсы үш рет шабуыл жасап, ақыры дұшпан екі дзотынан айырылып, кері шегінуге мәжбүр болады.
Бірақ олар қайтадан қатар түзеп, бекініс шептеріне орныға бастайды. Осы кезде Ашекеңнің аяғына оқ тиіп, қасындағы орыс жігітімен екеуі жер бауырлай алға ұмтылып, жанған жау танкілерін тасалап, бір бидай сабанын үйген жерге жетеді. Келсе сабанның тасасында қолында танкіге қарсы ататын қаруы бар бір уыздай жас солдат отыр екен. Ашекең алға қараса, 3-4 жау солдаты окоп қазып, пулеметке ұя жасап жатады. Мұны көрген Ашекең : "көздерін жой, жоймасаң олар орналасып алса, бізді құртады" дейді. Бірақ, жас жауынгер: "небәрі екі ақ оғым қалды, егер танкі келсе не істеймін?" деп, атпайды. Оған ашуланған Тағанов жаудың екі солдатын жер жастандырады да, олардың денесін алып кеткісі келеген қалған біреуін де құм қаптырады. Осы Алексино түбінде ол "Ерлігі үшін" медалымен наградталады. Жарақатын емдетіп шыққан Ашекең, қасындағы Алтай жігіті Шмидт екеуі Подольскіге келіп, 195- запастағы атқыштар полкіне кіреді де, Калинин майданына аттанады.
Қатардағы жауынгер, 1939 жылдан КПСС мүшесі Тағанов ротадағы солдаттарға партия саясатын насихаттайды, яғни саяси сабақ өткізеді.
Еселеп қайрат жұмсақ, Орындалмас бұйрық жоқ.. Командир жауды нұсқаса-ақ, Шүйілейік құйын боп, Жеңіс үшін арманда-ек, Тыл мен майдан- бір қоғам "Отан үшін алға!" деп, Шегінбелік бір қадам!
Деп, парторг Тағанов талай жас солдаттарға жігер берген-ді. Ашекең сөйтіп, 1942 жылдың 20 июнінен 1945 жылдың сентябріне дейін Алексино, Калинин, Подольск, Тула, Витебск, Минск, Вильнюс, Шауляй, Польша, Кеигсберг түбіндегі шайқастарға қатысып, талай "тар жол тайғақ,кешулерді" басынан өткізеді. Шауляй қаласын азат еткені үшін ол "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальмен наградталады. 1945 жылдың 15 апрельінде Ашекең бір жеңісті шабуылдан кейін шабыты келіп, күнделік дәптеріне былай деп жазады да, кейін оны үйіне жібереді.
Ерге осы қиыншылық жолда жүрсең, Бұл өзі күндізгі ойың түсте көрсең. Айықпас өкінішің сонда емес пе? Дұшпанға қасиетті жерді берсең. Майданның тылдағы мен тілегі бір, Бостандық сүйген елмен жүрегі бір. Курляндия, Дунай, Везер, Эльба өзені, Кедергі болғандай ма біздерге бұл. Ендігі хабарымды Берлиннен күт, Шын жеңіс бізді күтіп сол жерді тұр.
Соғысты өзі айтқан жеңіспен аяқтаған Ашекең, аман-есен еліне оралып, аудандық ауыл шаруашылық бөлімін басқарады да, 1950-1963 жылдары Қазақстан мұнай бірлестігінің Қосшағыл автотранспорт конторында аға инженер-экономист болып істеп, құрметті демалысқа шығады.
Ашекең, міне, биыл сексенге толып отыр. Ол өзін әлі сергек, ширақ сезіеді. Тағанов Ашығалы- ұзақ та, қиын және абыройлы асулардан өткен абзал азамат.
|