Авторизация    
Logo Site
 
   
Меню
  Басты бет Керi Байланыс Алгыс соз  
I-болім
  Перзентiк парыз Таганов Ашыгалы Кулжанулы туралы ассе Абзал азамат Естелiк пен есте калгандар Аке-ардакты аскар тауын еске алу Ашыгалы агамыз парасатты жан едi Акемдi корген жан Окiл аке-шеше туралы узiк сыр Акылды кария - агынды дария Ак желкен Таганов Ашыгалы Кулжанулынын жеке шыгармалары Баталар топтамалары Макалдар топтамалары Суреттер сыр шертеди  
 
II-болім
  Арнау.Шежiре сергуi -  
 
 
Авторландыру
 
Колданушы атыныз::
Кілт созініз:
 
 
  Тiркелу
Парольдi есинизге салу?
 
 
 
 
 
Айгілі беттер
 
 
 
Агайын, тума, жекжат, копшілік кауымга!
Ниетінді кабыл алгай, коніл сергек
Омірге оріс берсін, жайнай журек
Сол журек ел достыгы оркендесін,
Аймакта бейбітшілік турмыс тілеп.
Жадырап аспан ашык, нурын шашып,
Булынгыр кездеспесін кунгірт тунек.
Мал басы орлей осіп ,талап тасып,
Балдырган туындасын, тилек –дурей,
Данкы артып Отанына- ардакты бол,
Енбектін зейнеті мен курыш білек.
Кептеліп кедергі жол душпанына,
Тусауын тоскауылдын салсын –курмет.
Алемдік-адал адам бакытынан,
Жыгылмай Ырыс -туын турсын тербеп.
Амин,деп колдауы коп жамагаттын-
Курметті Кабылдыга болсын демек!

 
 
                              
 
Таганов Ашыгалы Кулжанулы кiтабы » Ашыгалы агамыз парасатты жан едi

Ашыгалы агамыз парасатты жан едi
Ашығалы ағамыз парасатты жан еді
 
                               
Парасат дегеніміз жеке тұлғаның қадір- қасиетін, кісілік кемелдігін білдіретін жиынтық ұғым. Өмірде қай жерде де, қай мекенде де парасатты жандар болған. Соның бірі- осы Ашекең.  Ашығалы ағамыз жастай Кеңес үкіметі жұмысына араласып, еңбекші шаруаның ісіне белсенді ат салысқан. Алғаш Жылыой ауданы құрылғанда, сол сол ауданда ұйымдастыру комиссиясы болған бес адамның бірі- осы Ашекең 25 жастағы жігіт. Жастығына қарамастан елге танымал, сыйлы азамат болған. Өзі ескіше сауатты Ашекең кейін сол кезде қолданысқа енген, латын әріпінде, кейін 1940 жылы енген кирилицаны да өзі еркінше меңгеріп алған.

  Ашекең партия кеңес шаруашылық жұмыстарында біршама жауапты қызметтер атқарған. Ол ауданның ауыл шаруашылығы, жер-су бөлімі бастығы, колхоз басқармасы т.б істер атқарған. Аудандық кеңеске депутат та болған.

  Елуінші жылдары Ашекең аудан Құлсарыға көшкенде Қосшағыл поселкесіне келіп, қоныстанды. Біз сол кезде 13-14 тегі баламыз. Ашекең үйі біздің үйімізге қашық емес, төртінші көше бойында, 2 қазақ ауылында тұрдық.
  Мен сол кезден Ашекеңді білемін. Себебі, Ашекең жұмысқа бара жатқанда, келе жатқанда біздің үй алдынан өтеді. Оның үстіне әкем Байжұмамен әңгімелесіп жүретін. Менің әкем Ашекеңнен тоғыз жас үлкен. Сол кезде Ашекең ұмытпасам, АТК мекемесінде жоспарлау еңбек бөлімінде істеді. Ол менің үлкен ағам Бақтығали мен жұмыстас болды.

Ағам бас есепші орынбасары болатын-ды. Қазақта "Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін" деген сөз бар. Мен 1965 жылы Қаратоннан өз туған жерім Қосшағыл мектебіне ауыстым. Осыдан кейін мен Ашекеңді жиі көріп, әңгімелесіп жүрдім. 1968 жылы мектепте өлке тану музейін ұйымдастырып, сол кезде Ашекең үйіне соғып, әңгімелесіп, музейге деректер сұрадым. Кейде ол кісі есік алдында отыратын. Кейде ескі газеттер тігіндісін аударып, бір заттар іздеп, жұмыс үстінде көретінмін.
Сондай әңгіме кезінде өзінің бір айтқаны:

  «Төреш, адам жас үлкейгесін әр нәрседен шектеліп, бос кезде ойға беріледі екен. Қатар азаяды, тіпті әңгімелеспек түгіл, әңгіме тыңдайтын адам да азайып барады. Кешегі Нұрбау, Күмісқали, сенің әкең Байжұма секілді сұңғыла жандар қазір жоқ.
  Әлгі "елі кетсе, жер құлазиды, қатары кетсе, қарт құлазидының" кезі бізге де келді. Көбіне көлеңкеде есік алдына шығып, біраз былай-былай өткен кеткенді қарап отырамын.

  Сонда әлгілердің әрқайсының әкесі, шешесі, оның әкесі жайлы ойлап солардың өткен- кеткен өмірлерін еске түсіремін. Басқа талай ой келеді. Халық: "жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз" дегендей бүгінгі жастардың жақсысына қуанып, жаманына ренжіп отыратын кезім де болады,»- дейтінді.

  Мен Ашекеңмен әңгімелесе жүріп, ол кісінің өз тұстастарына қарағанда, осы өңірдің өткенін жақсы білетінін, 19 ғасырдың соңындағы тарихи оқиғалардың көбін білетінін байқадым. Ашекеңнің ақындық машығы да бар екен. Тегінде біздің қазақ табиғатынан ақын жанды халық қой. Кешегі "ел басына күн туып, етігінен су кешкен" шапқыншылық соғыстар кезінде, Ұлы Отан соғысы тұсында екі қазақтың бірі елге өлеңмен хат жазды.

  Басқа ұлтқа қарағанда, бұл- қазақтың ерекше дарындылық қасиетті. Ашекең майданда жүріп, елге, жолдастарына өлеңмен хат жазған - азамат. Менің архивімде газетте
жарияланған Ашекеңнің бес өлеңі бар екен. Соны осы кітапқа кіргізуге беріп отырмын.

  Сол өлеңдерін оқып отырып, мен Ашекеңнің ақындық таланты бар екенін аңғардым.
  Бір барғанымда Ашекең музейге қоюға үш өлеңін берген. Ішінде "Бүлдіршіндерге" деген өлеңі бар.Ол музейге орын болмай экспонатқа бір жерге жиналғанда басқа заттармен бірге жоқ болып кетті.

  Ашекең 80 жылдары шежіре жазып жүрді.Ауданда басшылықта жүргенде, ел ішін көп аралаған ғой. Ол кезде көне көз білікті ақсақалдардың көзі тірі. Міне солардан Ашекең біраз нәрсе жазып алған. "Соларды жүйеге келтіріп жатырмын"- деген.
  Реті сол тұста партиядан көне мұраларды жинау туралы нұсқау болған. Сонда Ашекеңді ауданның орынбасары Қалдыбай Байшаханов шақырып, оған тапсырма берген.

  Осы жерде өзімнің бір байқағаным, Ашекең үйдің шаруасына араласпайтын кісі екен. Үй ішін де мал- жайында жеңгеміз Жаңыл атқарады екен. Ашекеңді құдайындай сыйлап отағасына үш қыз, бір ұл сыйлаған Жаңыл жеңгеміз өте еңбекқор, таза, бос сөзбен ісі жоқ әйел еді. Көпке дейін Жаңыл жеңгей түйе ұстады. Соның шөбін өзі шауып алатын.Маған Ашекеңе сөйлесуге барғанда, үлкен кесемен шұбат беретін.Адам сыншы ғой. Мен де қай жерге барсам да, үй тазалығына ыдыс-аяқ тазалығына, ас-суына сынай қарайтын әдетім. Маған Қосшағылда осы Жаңыл жеңгеміз бен Жайжан Құдайбергеновтың кемпірінің (қазір тірі) шұбаты ұнайтын.Қазақ "Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал", дейтін .Жаңыл жеңгей нағыз бәйбіше еді.

  Ашекеңнің үш қызы: Роза, Раха, Фазила, сосын Сағызбай атты ұлы болды. 1965 жылы Сағызбай 8 класта оқыды. Мен сызудан сабақ бердім. Сағызбай сабаққа алғыр, спортқа құштар болды. Сол 1965-1966 оқу жылы мектепте өндірістің, инженер-техниктері Нұрбай Ақборанов, Бақтыгерей Шелденов "Жол техниктер" үйірмесін ашып, сонда мұнай кәсіпшілігінде автоматты басқару енген, соның жүретін макетін жасатты.Осы үйірменің екі белсенді мүшесі Сағызбай мен Берденов Бақтығали еді.Бақтығали қазір бар, механик.

  Сол "Качалка" оның басқару пульті аудандық, облыстық көрмеден 1 орын алып, Алматыға барды. Оны Алматыға Сағызбай апарып келді. Көрмені мұғалім А.М.Завершенский бастап барды.Біздің мектеп жақсы аталып, республикалық көрмеге тұрақты қойылды. Осы істе Сағызбай өзін жақсы жағынан көрсеткен, болашағынан үміт күтерлік оқушы еді. Бірақ " жақсы аллаға да керек" дегендей Сағызбай ауруға шалдығып, жастай өмірден өтті.

  Ашекең қыздарынан мен Раханы жақсы білемін.мектепте ол бізден бір класс кейін оқыды. Менімен кластас оқыған, 28 жыл көрші тұрып бірге өскен Серік Жетібаевқа тұрмысқа шығып, 50 жылға таяу екеуі отасып отыр.
  Ашекең Жетібай әулетімен құда. Бұл әулет ысықтың пұсырманы. Бұлар да текті тұқым.
  Кешегі Исатай Махамбет көтерілісінің батырларының бірегейі Қабыланбай мен Қалдыбайдың ағайындары. Жетібайдан: Тұрсынбай, Ағыс, Жолды, Зейнолла.

Тұрсынбайдан :Серік, Қожық, Маханбет үш бала қалған ол соғысқа кеткенде. Содан көзі тірісі Ашекеңнің күйеу баласы осы Серік. Серікте -70 жаста бірнеше ұрпақ өсіріп, Раха екеуі немере- шөбере сүйіп отыр.Раха кешегі Жаңыл жеңгеміздің көзіндей "шеше көрген тон пішер" дегендей келісті бәйбіше. Ал Фазила жоғарғы оқу бітіріп, алысқа тұрмысқа шығып кеткен, балалы- шағалы. Ашекеңнің жиендері өсіп, жиеншарлары дүниеге келіп жатыр, ұрпағы жалғасуда.

  Ашекең Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатынасып, жеңісті Шығыс Пруссияда атап өткен майдангер. Жойқын соғыста талайлар сыналды. Кейбіреуі қорқақтық танытып, өздерін өздері атып, не елге қашып әлсіздік көрсетті. Кейбірінің елдегі жары босаңдық жасап, ерін күте алмай абыройсыздыққа ұшырады.Тіпті ерінің ошағын өшіріп, күйеуге тиіп кеткендер қаншама. Осыларды еске алсам, мен Ашекеңді де, Жаңыл жеңгемізді де, өз ағаларым Бақтығали, Төлеген, Батырхандардай майдангер ретінде, ал Табылдының, Бисембайдың шешелері Жібек пен Ұлжан жеңгейлерімдей ұстамды ана ретінде мақтан тұтамын.

  Сексенінші жылдары Ашекең Бисенбаев Қарабаланын ағасы Әбдештін немересі Сүлеймен баласы Асылбекке, Жамадин Нұрхановтың қызы Мунираға құда түсуге келді.Қасында бір Бисенбай бар. Қапияш апамыз, Жамадин жездеміз болғансын дастарханда әйелім - Қарылғаш екеумізде болдық. Қонақтықта Демеу, Қайнарбай, Тілепқабыл т.б. болды. Бұл кез бір ішімдік ішудің көп кезі. Дастархан үстінде біраз оны -мұны айтылды.
 
  Ашекеңе сөз берілгенде әріден орап, сөздің майын тамызып, келген шаруаларының жайын айтып, Қарабала , Әбдеш әулетінің жай- жансырын айтып, балалардың бақытты болуы үшін көтерейік ,деп сөзін аяқтады. Рюмканы қолына алмады. Қазақта құданың қайсысын болса да, мейлі елші құда, мейлі жаушы құда бәрі-бір әзіл қалжың үшін ойын ретінде де сөзбен атының құйрығын кессін, не өздерін суға тоғытып мәре-сәре болатын кез болды. Осы ойына келді ма, Демкең Ашекеңді "... сіз көтермесеңіз ішпейміз" деп біраз тақымдады.
Біздер "Япыр-ай, Ашекең кейіп, ашу шақырмас па екен" деп қысылудамыз. Себебі Ашекеңнің бұл дін жолына берік түскен, тақуа кезі. Ашекең орынсыз болса да сол қыспаққа шыдап, "Демеужан-ай біле білсең, бұл арақты ауызға алмай айтылған сөз бен жасалған байламның арты қайырлы болмай ма, сенің айтқаныңа ренжіп отырғаным жоқ, құдалыққа келудің үлкен міндет екенін, құданы сынап- мінейтінін білмесем, мен келем бе, кешегі бізден ілгерілер білмей айта ма, үлкенін сыйлап алдынан кесіп өтпеген қазақтың баласымыз, сенің інілік базынаңнан көтермесем , ағалық үлгім қайсы," деп сөзін аяқтағанда, Декеңде: «Ашеке, бәрі ойын ғой, сізді бір сынайын деп едім»,- деп бәрі орнына келді. Соны көңілді отырыс болды.

  Ашекең өмірінің соңғы тұсында да дінге бағытталды. Өзі бес намазын қаза қылмай, оразасын тұтып, молда болмаса да, алласын аузынан тастамай, кәдімгі сақалы салалы, қазақтың келісті қарты болып өмірден өтті. Қыздарының айтуына қарағанда, Ашекең Кеңес заманының соңғы тұсында-ақ көрсетпей намазын оқып жүріпті. Соған қарағанда Ашекең өмір бойы дінге сенімін жоғалтпаған адам.
  Ашығалы Тағанов әркез өзінің ойын, пікірін газетке жазып, білдіріп отырған. Оның публицистика саласында да аз болса да еңбегі бар.Ашекеңмен бір әңгімеде, ол кісі Өтен, Байбақты, Төремұрат т.б туралы естігенін айтып, әңгімеміз Қызданайға келген.Сонда Қызданайды Төремұрат ауылынан тартып аламыз деп, оның барған жері көп кісімен келген ғой. Сол шайқаста Төремұрат ауылында жүрген қонақ Құрманғазының ерлігін айтқан. Құрманғазы "Қызданайдың қырғыны" күйін шығарғанын да келтірген. Кейін осы әңгімені Ашекеңнен Аманғали Әміржанов жазып алыпты деп естідім. Естіген құлақта жазық жоқ.

  Ашекеңнің осы айтылғандардан адами азаматтық бейнесін түйіндесек, ол былай болады: Ашекең сауаты бар, сөздің жүйесін біліп, иін келтіріп сөйлейтін, ұстамды, ақылман, елінің, жерінің, тарихынан біраз хабары бар, халқының қадір қасиетін білетін, дініне берік, ұсақ сөзбен ісі жоқ, үлкенге де, кішіге де жұғымды, еңбегімен күнін көріп, біреудің ала жібін аттамаған, уәдесіне берік, иман жүзді, тақуа, асын тастамайтын, таза, кірпияз азамат еді. Бұл дегенің парасаттылықты көрсетеді. Ұлы Абай: "Парасатты жанда нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек болады" дегендей Ашекең ағамыз осындай жан еді.

  Биыл аудан өзінің 80 жылдығын атап өтеді.Жылыойдың топырағын басып, еңбек еткен, ел қорғаған адамдар, жайсаң жандар көп. Соның бірі- Ашекең.
Ашекең биыл 105-те. Аудан жасынан 25 жас үлкен. Сол қылшылдаған 25-ін ауданды ұйымдастыруға жұмсаған Ашығалы Тағанов ағамыз.
Жатқан жерің жайлы болсын, сүйікті қыздарыңның сұрауымен осы шағын естелікті жазып, інілік парызымдыөтеп отырған жайым бар.
  Мен де көбіне есік алдында өткен- кеткенді қарап ойға қалам, сонда баяғы,cіз айтқан сөз еске түседі....


Байжұмиев Төреш
ҚР білім беру ісі үздігі,
Жоғарғы санатты ардагер ұстаз.
22.05.2008 жыл

 
 

 
   

Саиттагы маліметтерді жариялаган кезде сілтеме жасалуы тиіс
Авторлык кукык ©ashygaly.kz 2008