Авторизация    
Logo Site
 
   
Меню
  Басты бет Керi Байланыс Алгыс соз  
I-болім
  Перзентiк парыз Таганов Ашыгалы Кулжанулы туралы ассе Абзал азамат Естелiк пен есте калгандар Аке-ардакты аскар тауын еске алу Ашыгалы агамыз парасатты жан едi Акемдi корген жан Окiл аке-шеше туралы узiк сыр Акылды кария - агынды дария Ак желкен Таганов Ашыгалы Кулжанулынын жеке шыгармалары Баталар топтамалары Макалдар топтамалары Суреттер сыр шертеди  
 
II-болім
  Арнау.Шежiре сергуi -  
 
 
Авторландыру
 
Колданушы атыныз::
Кілт созініз:
 
 
  Тiркелу
Парольдi есинизге салу?
 
 
 
 
 
Айгілі беттер
 
 
 
Агайын, тума, жекжат, копшілік кауымга!
Ниетінді кабыл алгай, коніл сергек
Омірге оріс берсін, жайнай журек
Сол журек ел достыгы оркендесін,
Аймакта бейбітшілік турмыс тілеп.
Жадырап аспан ашык, нурын шашып,
Булынгыр кездеспесін кунгірт тунек.
Мал басы орлей осіп ,талап тасып,
Балдырган туындасын, тилек –дурей,
Данкы артып Отанына- ардакты бол,
Енбектін зейнеті мен курыш білек.
Кептеліп кедергі жол душпанына,
Тусауын тоскауылдын салсын –курмет.
Алемдік-адал адам бакытынан,
Жыгылмай Ырыс -туын турсын тербеп.
Амин,деп колдауы коп жамагаттын-
Курметті Кабылдыга болсын демек!

 
 
                              
 
Таганов Ашыгалы Кулжанулы кiтабы » Таганов Ашыгалы Кулжанулы туралы ассе

Таганов Ашыгалы Кулжанулы туралы ассе
Тағанов Ашығалы Құлжанұлы туралы эссе
 
 
 Бұл кісі туралы күрдемелі сөз жазу тіпті қиын. Олай болатын себебі біздер бір ауылда болмадық, жұмыстас та болған жоқпыз, қоныс пен мамандығымыз да бөлек болатын, жас айырымыз жиырма жастай еді. Тарихшы да емеспіз.1.Ашығалы Тағанов ру шежіресімен айналысқан.
Ашығалы Құлжанұлы Тағанов қазіргі Жылыой ауданының № 18 ауылында (ауыл нөмірлері Кеңес кезінде өзгертілгендері бар) Ащыкөл деген жерде туған. Ата-тегі бұл жерге 1800 жылдардың (19 ғасыр) басында келген мал баққан шаруа екен.Түп тегінде атақты адамдар болғанға ұқсайды. Бүкіл зерттеудеде Ашығалының атасы Таған "батыр болды" деген дерек айтылмайды. Өз қолымен жазған ру шежіресінде де: Алаша-Ақберлі-Барамық-Күбілей-Нұрыкей-Сыбанай-Алыбай-Тілеулі-Алдоңғар-Кейкі-Құлымбет(Құлжан)-Ашығалы, бұрын жазу арасында қандай адам екеніне ескерте жасап отыратын.Бұл шежіреде сілтемелер келтірмеген. Рас өзінен жоғары санағанда жетінші буын Сынбанайдың 7 атасына дейін (бұрын келе жатқан ба, Сынабайдан жалғасқан ба??) түкірігінің құтырған ит уының зардабына қарсы ем болатын руы болған деген ,ескіртпе бар, егер төмен жалғасқан болса ондай дару Ашығалыда да болар еді ғой...

  Сосын шежіре Сыбанбайдың Алыбай емес- Құтмамбет ұрпағынан Марғасқа (ол атақты ақын, батыр, әдебиет тарихында бар) жырауды шығарады. Бұл бұрын белгісіз дерек.
  Ашығалы "еріккендерге ермек үшін емес..." деп бастап Ақ Арыс (ұлы жүз), Бек Арыс (орта жүз), Найман, Қыпшақ, Керей, Уақ, Қоңырат бөлімсдеріне, Едіге батыр ұрпағына көңіл аударады. "Төрелер төркіні", "Әмірлер әулеті", "Абылайдың ханымдары" жөнінде қысқаша жазулары баржурналдардан да материалдар алған. Мұндайлардың көбі баспа деректері.

  Кіші жүзді "қазақтың қара шаңырағы" деп атап кіріспе сөз айтып, Әлім және Жетіру ру бірлестіктерінен мағұлымат береді, бірақ олары тым аз әрі толық жазылмаған.Байұлын он екі атаға екі түрлі айырып, шежіре таратуға тырысқан, :білгенін, естігенін ғана жазған. Сұлтан сиықтың Асқар (Байбақты, Жанбақты, Тынбақты) тарауына көңіл аударғандай болған, дегенмен бұған да көңіл толмайды. Алаша тарауы едәір мол, онда біраз деректер бар.Ең көлемді жазғаны- Таз тайпасының ру шежіресі. Мұнда ата тек жөнінде көп дерек табылады.Оған Ашығалының Таздар арасында көп болғаны және шежіре қарттарымен кездесу мүмкіншілігінің әсері болған деп ойлаймын. Жазғанында сондай ақ Шеркеш, Адай, Беріш тайпалары жөнінде аз да болса біршама деректер келтіріледі. Ысық, Есентемір, Жаппас тайпалары шежіресі тым шағын.

  Орта жүз шежіресінен де жазғаны бар екен. Естігендері мен оқығандарынан қара қалмақ пен қожаларды да жазуды ойластырып қараған. Ал осылар жөніндегі Ашығалының қыздарында толық сақталғанға ұқсайды.Шежіре көшірмелері, даналары Орта жүзге ұзатылған қызына, Ғылым академиясына (академик Бек Сүлейменов атына) ұсыныспен жіберілсе керек. Бұл кісінің ру шежіресі жөніндегі материалдармен өлке танушы Аманғали Амиржанов біраз айналысып келді.Шынында кейіпкердің аты ел тарихымен, ру шежіресімен біршама хабардарлығымен шықты. Ең дұрысы оны қағазға түсіріп отырғаны.

2.А.Тағанов ел басқару жұмысына араласқан. 19 ғасырдың аяққы кезінде Жылыой кентінде орыс мектебі болғанымен, еңбекші халыққа арналған мектептер болмаған. Ондай мектептер Жайық бойында, қазіргі Атырау қаласында болғанға ұқсайды. 
  Ыбырай Алтынсарин салдырған мектептер-"қызыл үйлер" арқа жақтағы қазіргі Қызылқоға ауданы жерінен бізге қарай аспапты. Сөйтіп біздің жақтан Батыс, Шығыс мектептерінің қалаларында оқып, жоғарғы білім алғандар жоқ (естілмейді). Діни мектептер болған.Ауданымыздың қазір жасы жүзге келген, жүзден асқан Айдарбаев Қ, Аманбаев Қ, Бердібеков Ә, Жапаев М, Исанбаев А, Исанов С, Қарасақауов А, Қаратаев С, Төлеуов Ы, Төребеков А, сол сияқты кейіпкерлеріміз Тағанов А, тағы басқалардың орысша қазақша (арабша) азды-көпті білімді қашан, қайдан алып жүргені белгісіз, кейбіреулері көрші аудандарда, жақын аймақтарда оқығанын айтады. Рас ауданымыздың кейбір талаптарының кезінде Ресейдің Орта Азияның орта жоғары діни оқу орындарында, медреселерінде оқығандары бітіргендері бар (оларда да азаматтық пәндер оқытылған).

  Қазіргі тоқсаннан асқан сауаттылар (мұғалімдер кейіннен көбіне солар болды). Ұлы В.И Лениннің "Оқы, оқы және оқы" ұраны кезінде өткен ғасырдың 20 жылдарының басында кеңес мектебіне оқыған Адайбеков Н, Балтаев Т, Дүйсенбаев М, Қарымбаев Ө, Өміров Е, Сартаев С, Ізтұрғанов Ж т.б. еді.Елдің ағарту, мәдени, тіпті әлеуметтік тіпті шаруашылық (ЖЭС-НЭП, кеңестендіру, ұжымдастыру) басқарғандағы сауаттылар осылар еді.

  1928 жылғы болыстық басқарудан аудандық басқаруға көшерде- Жылыой ауданы құрыларда ұйымдастыру комитетінің бір мүшесі А.Тағанов болды. Ол алғашқы сессияда аудандық атқару комитетінің хатшысы болып сайланды.
Кәнфиске, кейін көшпелі елді колхозға тарту, елді жаңа мәдениетке әкелу жолындағы еңбекте ауатком хатшысының жұмысы ұлан асыр болды. Жаңа құрылған ауданның ауылдық кеңестерін (олар 45 құру, серіктік, ТОЖ, артель, бір құрылып, бір тарап жатқан ұжымдарды біріктіру, бастауыш мектептер ашу, оған бала тарту қанша бейнетті еді десеңші.) Салық салғырт жинау "орташа" шаруаларды ортаға әкелу сияқты жұмыстар кезінде көрші Ақтөбе облысы мен Маңғыстау ауданына қоныс аударып кеткен жерлестерімізді қайта шақыру, олардың тілін табу ше?
  Кейін Тағановқа ауданның жоспарлау жұмысы тапсырылды. 1930 жылдардың бірінші жартысындағы аштық көрші неғұрлым аш аудандардан келіп жатқан жойқын 
аш - жалаңаштарды есепке алу, қамту өз алдында. 
  "Адай көтерілісі" қырылып қалған, жойылған мал, ауаткомның республика алдына Алматыға беретін есебін бірнеше күн отырып даярлау есін алды.

  1939 жылдын аягындагы колхоздар қуру науканымен айналысып жургенде ,1941 жылы соғыс басталды. Тағанов соғысқа кетті. Аман -есен оралған соң ауданның жоспарлау жұмысына қайта араласты. Бұл кезде ауыл шаруашылығына, мәдениетке өнеркәсіп, ауданның мұнайы, транспорты қосылған еді.
  Тағанов ауданның ауыл шаруашылығын басқарды.Оны колхозга председатель етіп те жіберді, яғни ауданның бүкіл жұмысына араласты.
  Ол облыстық мұрағатка «батырдың сауатын» тапсырды. Аудандық,облыстык газетке тын сиректеу болса да өлеңдерін жэне макалалар жазып жүрді.

  1941 жылы облыстық "Социалистік құрылыс" газетіне "Өтен батыр" атты мақала берді.
Елін, халқын жаудан қорғап жүрген Өтен Ақтоғайұлы сынды жайсаң батыр халық сүйіктісі болған еді.

  Бұл қазақта ақылы бар- тасыр жоқ,
  Ауылымда қайратты бар- масыл жоқ
  Нелер жақсы болды деңдер ортада,
  Бірақ Өтен атамыздан асыл жоқ.
  Ақсақалым болмаса егер, жасым жоқ,
  Ми тұрмаса -құр қауашақ: басым жоқ
  Әр аймақтың жақсылары болады,
  Бірақ Өтен атамыздан асыл жақ.

  Бұл шынайы Халық Батырына деген кіршіксіз ел махаббатының көрінісі. Ашығалы мұны түсінген. Мақала соғыстан он бес күн бұрын (06.06.1941ж.) жарияланды. Соғыс басталған жағдайда мақаланың патриоттық мәні зор болғанын айту керек.
           Тыныштық сүйер елдің батырлары ежелден момын келеді. Бірақ орыстың қолдауына сүйенген, қазақтың кеңпейілдігіне масығып кеткен қожалар қара халыққа аз зәбір жасамаған. Оның белгілі мысалы Исатай Махамбетке жаулық жасайтын Қарауыл қожа Бабажан Қожаұлы болса керек.Солардың бірі Бабажан қожамен бір туған Асан-Сиық қожа оның немересі Жанғожа оның баласы Самай қожа екен. Елге сіңіп алған Самай бірте-бірте батырлардың аңқаулығын, елдің байымдылығын кейбіреулердің жәреукештігін пайдаланып, ерсілігін үдете түседі. Бірде Самай алты баласымен, жалбақшыл билермен келіп, Өтеннің ағасы Көбейдің жақсы аты Жиренқасқаны ұлықсатсыз ұстап алып мініп кетеді. Атын сұрап барғанға:

          Самайдың салығынан бір атынды сұрамай құтыларсың,
          Зәбір түгендесең -бәлесіне тұтыларсың,- дейді есірген қожа.
Ауыр салық салады. Халықтан тағы да қосымша соғым алады. Бірде Көбейдің саудадағы дүниелерін Самайдың қатын -балалары талап алыпты. Мұны айтқанға Самай:
          Түйенді алдырсам қажений (казенный) алымым,
          Дүниең алынса -сондайдан болған менің салымым,- деп шіренеді. Бұған Қоса Самай адам көтере алмас ауыр сөздер де айтады. Ара шиеленіседі. Самай Өтенді өлтіруге жұмыстанады. Бір топ адамы Өтенді оңашада қылыштап кетеді. Өтеннің басы да жарылады. Самайдың балалары елдің бір қызын алып, бір қызын қоя беріп жүреді. Зәбірлейтіні тағы бар. Ренжігендерге:-Менің балаларымның бір еркелігін көтермей...-деп тұлданады.Ол Өтендерге қарсы отряд қырықтай адам ұйымдастырады. Кейін еліне қыстаған Өтендер сұрастыра, Самайлардың бұрынғы қылықтарын қоймағаны аңғарылады. Келесі жылы Өтен қайта келіп, Самаймен кездеспек болады.Беті жоқ Самай қашады...Ойыл өзенінде Өтен Күнжарық батыр екеуі Самайды өлтіріп, кегін қайтарады.. Самайдың Тоқтар бастаған балалары қашып, басқа руға паналайды.
                Өтен батыр орыстармен Бүйрек құмындағы Жамансай соғысына қатысқан. Қазақ -түрікпен соғысына араласпапты. Бірде, рас, түрікпен оғы емшектегі бала мен әйелді өлтіргенде барып ,бір рет ұрысқа қатысқан.
                Өтен ерекше әділ, тура жан болған. Ең қарсы жауы орыс басқыншылары екен.Патша әскері Елібай деген судың бойына Есентемір Тастанбек биді, Оразалы батырды ауылымен жоқ еткен. 
1868-1969 жылдары Қызыл -қала қорғанын салып ,төрт мыңдай содат ұстаған. Ал бір деректе былай дейді :Патша өкіметі сол жылдары Жем бойының Ембі бекінісіне 634 солдат ұстады. (Ә.Ыспан "Сүйінғара" Алматы Таймас 2006 .358 бет)  
                Тағановтың туған жері Ащыкөлдің қасы. Қазақ жігіттерінде де орыс солдаттарын өлтіргені болған, ал орыс солдаттары Көккөз, Оразалы, Байбарақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. Өтеннің айналасына Арал көлі деген жерге 40-50 солдат ұстаса да, батыр біраз солдатты түйреп, қалғанын қашырады. Жасырынып қалған солдат Өтен батырды 1871 жылы сүмбіленің 17 күні атып өлтіреді. Батыр бейіт- кесенесі Айранкөлдің оңтүстігіндегі бір кезде Қошқарбайбас аталған жерде.
                Тағанов мақаласы тарихқа неғұлым жақын жазылған туынды.Ол ел аузындағы әңгімелерді, шежірені ауыз әдебиеті мұраларын жинап жүрген, оның құндылығы материалдардың көбіне бірінші ауыздан алынғандығында. Оның үлкен қызметі -"Өтен батыр" атты мақала еңбекке жақындығы, елге үлгі көрсеткендігі.

             А.Тағановтың ақындығы да болған.
Бұл жөнінде "Жылыой қаламгерлері" кітабында ("Исламнұр" баспасы Алматы 2005 ж) былай дейді: "Кең Жылыой атанған ауданымызды бүкіл халқымыз, біліктілер өлең жыр өлкесі деп орынды атапты. Бұл өлкенің тарихы орта ғасыр жыраулары Сыпыра жырау Сұрғылтайұлы (1213-1393), Асан Қайғы Сәбитұлы (1330-1450 шамасы), Қазтуған Сүйінішұлы (15 ғасыр) сынды ұлылармен байланысып жатады...Бұл кезеңді едәуір үзілістерден кейін 19 және 20 ғасырдың басымен жалғастырғандар даңғайыр ақындар болатын. 19 ғасырдың аяғында 20 ғасырдың басында туып, өлең өнеріне қосылған Абдолла Тоңмағанбетов, Ашығалы Тағанов сияқты ақындар еді" (Алғы сөз. Жыр өлкесі 7 бет)
                 Мен Ашығалының өлеңімен алғаш рет өткен ғасырдың 30 жылдарының бірінші жартысында таныстым. Оған да жетпіс жылдан асқан екен. Өлең ауданымыз туралы. Жылыой ауданының сол кездегі орталығы Каспий теңізінің шығыс бетіндегі Жылыой поселкесі (кенті) еді, географиялық картада қазақша -Жылыой, орысшы-Жилая Коса деп жазылатын.
  Жылыой жөнінде өлеңдер едәуір ерте шыққан сияқты. Егер орыстың екі мәрте мемлекеттік сыйлығының лауреаты Феодр Гладков (1890 жылдары бала күнінде Жылыойда анасымен бірге болған) «Жылыойды ғұмырымда ұмытпаймын», деп жазса, алты жүз беттік "Вольница" романының төрт жүз бетін Жылыойға арнаған, Жылыойды басқа кітаптарында да есіне алады. Қазіргі Құлсары қаласының қасындағы Дәулетияр қорымындағы орыс бейіттерінде жерленген Гладков пен Гладкова "ұмытпайтын Жылыойыңа" барыңдаршы, деп жіберген әкесінің ,не атасының ұрпағы-ау деймін де жүремін.
                Жылыой жерін Константин Паустовский сияқты жазушылар да еске алган.Жылыой кент!нде КСРО Жазушылар Одағының мүшелері татарлар Сибоғат, Барый Рахматуллиндар өмір сүрген. Жылыой жөнінде соғыста қаза тапқан ,біздер көрген Адһам Каримов өлең шығарып кетіпті.(«Все цветы радуги» Камский издательский дом,2000г.) Біздер атын еске сақтай алмаған біраз Кеңес жазушысы осында болған.
Кемемен Жылыойға келгенін:
               Біз шықтық Гурьевтен сағат үште
              Мұхитта пароходты салып күшке,-деп өлеңге қосқандар,
Мұзтөбе таң қаламын мұзын көрсем,
Жылыойдың қуанамын қызын көрсем.
Атыма түскен қайтып міне алмаймын,
Әйәйдың судан қайтқан ізін көрсем.
                             (Х.Есенжанов "Ақ Жайық" 1кітап, 174 бет)
Орынғали Шәмшиев айтатын:
     Қаласында Жылыойдың
     Екі мешіт ,бір шіркеу
    Жыр жырлаймыз қосыла
    Белімізде қол белбеу, сияқты әндер кеніт көшесінен естіліп жататын. 
Жылыойдың біздер көштік жоғары өрлеп,
Күреңге тақтым тұлпар алтын зерлеп,-деп қыр жігіттері жырлайтын.
                Рас болса, Жылыойды эстет ақын Шәңгерей Бөкеев, Баянауыл акыны Жаяу Мұса, Солтүстік Қазақстан өңірінің ақыны Сегіз сері, сол жаққа жерленген батыр әрі аяулы жан беріш Нұрғожа Асанұлы, Торғай ақыны Нұржан Наушабаев, ауыз әдебиетінің классигі Нұрпейіс Байғанин т.б жырға қосқан. Нұрпейістің жылыойға қатысты уақиғаны енгізген көлемді дастаны бар.
Социалистік еңбек ері, жазушы Ғабит Мүсіреповтың Жылыой қызы жөнінде ақын болып жазған өлеңінен үзінді:
   
  Жылыойдың көгі шалғын, қызы балғын,
  Шетінен бойшаң келер, болмай шарғын.
  Паң келер, өжет келер, жолай алмас
  Сыртынан қызығатын болса да әркім!

Кент татарларының:
    Кең Жылыойдың қақпалары
    Ашылар да жабылар.
    Бақыт құшқан Кең Жылыойда
    Матур қыздар табылар,- дейтін әндері қандай еді!
Манар, Бәлмен, Жамал т.б әйелдер мен қыздар жөніндегі ән-өлеңдер, хикаялар бір төбе.
Жылыой өлеңі:
    Біздің ел Кең Жылыойдың ақпарында
    Ер жігіт талтаңдайды бақ барында
    Жігітке мың бір бәле жабылса да,
    Кең құдай сақтаушы еді сақтарында,- сияқты кеңдікті, я:
Келемін Құм бойынан Жем бойына
Тап болдым келе жатып ел тойына.
Жеті жыл жерде жатқан қу тобылғы
Балқиды қорғасындай қыз қойнында,- сияқты терең суретті, болмаса;
    Ауылым көшіп барады Қосшағылға
    Қонысым Қосшағылдың осы жағында
    Жігіттер, тіршілікте күліп-ойна
    Басыңнан нелер өтпес жас шағыңда,- сынды салқам өлең, немесе:
Кең Жылыой біздің елдің тиянағы,
Даусыңды ести алмадым қиядағы
Даусыңды ести алар едім қиядағы,
Әзірге сен балапан құс ұядағы,- сияқты ерекше өлең
    Сағыз қайда, Жем қайда, Қайнар қайда,
    Қарсы алдымнан шығатын айнам қайда,- сияқты махаббатқа арналған әндер табиғатында әсем болып келеді.
    Осы заманда жалғасын тапқан, елін сүйген, Жылыойын сүйгендердің жырларына біршама жол берейік (бұл арқылы мен ауданымның ажарын аз да болса ашқым келеді):
    Туған жер, тағдырыңа нұр тіледің
    Ән болып, күйің болып дүркіредім.
    Даланың жондарына аптап соқса,
    Келеді ақ жаңбыр боп сіркірегім. 
    Қабиболла Сыдиықов.
Жұбата алсаң жұбатшы, дала, мені
Су астында отырсын жаралы елім.
Көмек сұрап ояттың түнгі ұйқымнан,
Қанат байлап таң атса барар едім.
    Шәмшия Жұбатова "Жылыойдағы тасқын".
    Жігіті Кең Жылыойдың мен болғанда,
    Сұлуы сен емеспе ізі де алтын.
    Амандық Сасаев.
Бұл жерде мен мысал сөз я өлеңді автордың әр түрлі дәрежесіне қарап айтып отырған жоқпын .1951 жыл
   Жылыойдан амалсыз кетіп бара жатқанымды жасырмадым .
       Сафи Өтебаев "Өмір мұраты".
       Қиялдай қала -нұр сағым
      Жылыойым менің ,мың сағым.
      Көркі бар қайталанбайтын
      Құлсарым менің, Құлсарым
      Қуаныш Бекеновтің әні бар- Сәулеш Шәтенова
Көркің де көрген атам гүлге теңер,
Сертің де сеніменен бірге өтелер
Өлеңнің өрнегіндей Кең Жылыойды
Келер күн көк жиектен күн көтерер.
     Қосан Үбіғалиевтің әні бар-Бүркіт Базарбаев
     Жылыойдың жастан маған жері қанық,
     Жыл сайын туған жерге тұрам барып.
     Сұлудың дөңгеленген көздеріндей 
     Мөлдіреп жатар көзі толқынданып.
    Далабай Жазықбаев
Кең Жылыой деп жыр төгіп аңқылдаған,
Кел, кел, бермен жақында, ақын балам.
Тарихыңның беттерін қалың көрем,
Бабалардың демімен алтындаған.
     Лұқпан Сисекенұлы.
     Жылыойым- ата қоныс, кең мекенім,
     Жанымды гауһар жырмен тербетемін.
     Атағың әлемге аян кеңдігіңмен,
     Дүниеде білмен саған не жетерін
     Қонаш Қалдыоразұлы.
Қыз көркем шашбау, айна- тарағымен,
Түз көркем аққулы айдын жанарымен.
Айта бар, барсаң ,сәлем Кең Жылыойға
Тербеген мені сезім самалымен.
     Айтқали Жайымов әні бар-Фариза Оңғарсынова.
     Қақ жарып ,Кең Жылыойды Жем барады,
     Сипайды жаз болғанда жел жағаны.
     Әйәй қыз айлы түнде суға келіп,
     Жағалай Жем бойына ел қонады .
     Артықбай Құдайбергенұлы (1815-1900)
Көктем келсе, көкте құс шуы кернеп,
Көк белесте жібектей жел еркелеп,
Нұрланасың тұнасың сен мөлдіреп
Шуақ шашып Жылыойға жыл келер, деп.
       Зина Қалиева әні бар-Қанат.
Өскен жер Кең Жылыойым тұрған дара,
Көркейіп, өсудесің тұлғаң жаңа
     Дүйсенбеков Бөкенов.
     Киелі өлкем Кең Жылыой,
     Қара алтынның қоймасы.
     Қарашүңгілден білемін
     Басталған еді той басы.
    Жұмабай Бөлекбайұлы..
Өмірімнің сәтті күндерінің бәрі Жылыойда өтіпті .
              Миллят Сабырова "Атырауым-аңсарым"

Дүбір! Дүбір! Пәрменді ұлы дүбір-
Жаңалықтар әкелген күніне бір.
Көлбеп жатқан кешегі Кең Жылыойдан
Болашаққа қарайды күліп өмір. Дүйсенбек Қанатбаев.

Кең Жылыой - қадым заманнан халқымыздың құт дарыған, өлең-жыр қонақтаған қасиетті өңірі.
                 Жұмабай Құлиев.
Жігіт боп бүгін қатарға
Қосылдық, өсіп сыр ойым
Кетеміз алыс сапарға
Туған жер, қош бол, Жылыойым
    Соғыс кезінің жыры.
    Боз таңда Жылыой - арай аспанында
    Бозторғайдай шырылдап тұрып алам.
    Маржан Ершу.
Кең Жылыой десе кең- ақ қой несін айтасың!
(Сенбеген оны аралап түгел байқасын).
Сарғасқа жаққа жетесің тәулік жол жүріп,
Сарқамыс жақтан тағыда солай қайтасың.
         Нұралы Әшіғалиев.
Гүлстан Каспийінің жағасында
Ризалық білдіреді Иранқазақ
Бұл сөзіме ,атажұрт ,илан, қазақ
    Әбіш Мұхамбетұлы (Әбубәкір Парвиз) Иран.
    Кең Жылыой менің қырларым,
    Кеудемді билер нұрлы ағын
    Көңілімде сырларым.
    Топырағыңда торқалы
    Бақытым ғой туғаным.
    Күләш Нәбиева.
 Елдің Әлекеңі болған бұл басшы -Александр Григорьевич Севостьянов дастарқан басында көңілі көтерілген шақта қолына домбыраны алып жіберіп "Жылыойға...." басып-басып алатын...
                  Ана тілі газеті,1.5.1997 ж
Кең Жылыойда туыппын, Жемде жүзер
Боз далада болыппын мен де жігіт.
Еңбек етіп есейдік, ер жетілдік
Туған жердің тауындай тербетіліп!
      Мейрамбай Газимов
      Жауға алдырмай Жем бойын Батыр баба,
     Тақымында ойнақтап ақ арғымақ.
     Қаржау Оразбаев "Байбақты бейті".
Далабай, Меңдекештей ақын шыққан,
Әлемге, Кең Жылыойым ,атың шыққан
250 немістің көзін жойған
Халықов Есқайырдай батыр шыққан.
     Айнахан Есет.
     Жылыойлықтардың қамқорлығына өмір бойы қарыздармын.
     Саламат Мұқашев "Атырау ардагерлері"
Кең Жылыой Отаным деп мақтанамын,
...Осы жаққа асығыс аттанамын.
  Сабыр Өтепбергенов.
Періштелердің қанатын қаққан сусылы,
Ашылды бүгін мұң тілектің тылсымы.
Байбақты баба, 
  Басыңды көтер ,шөлдедің,
Қуат қой саған ұрпақтарыңың сусыны
  Аманқос Ершуов.
Туған жерімізді ұл да, қыз да, кіші де, үлкен де, татар мен орыс та, партия-кеңес қызметкерлері де, ақын мен әнші де жырға қосқан.Егер оның бойында өнерден сәуле болса, Отанын, оның жері мен елін, ауасы мен адамын жырламауы мүмкін емес қой.
Ашығалының да мен білетін алғашқы өлеңі туған жер туралы болды.Өлеңнің аты да ауданның аты еді.
  Жылыойдың тұрған жері біздің аудан,
  Бірнеше жүз шақырым күйкен таудан,-деп басталатын.
 Соған жалғас өлең жазғаны есімде қалмапты.Ол 30 жылдарда Ақтөбе облысының (әсіресе Ойыл ауданының) сондай -ақ өзі еңбек ететін ауданның қалың ортасында жүргенде, қызмет бабымен ел аралағанда, Кеңестің тегеурінінің қатты әсері байқалатынын аңғарар еді. Бұрынғы еркін айтылатын:
  Дүние жеткізбейді ойласаң да,
  Жақсы артық әзілдесіп ойнасаң да.
  Шын тұлпар дүбір шықса шыдамайды,
  Тас қылып төрт аяғын байласаң да,-сияқты ән -өлеңдер тым азайып, 
"Қара қаншық" өлеңінде "сыртым су, болып жүрмін бауырым балшық" секілді өз қайғысын әнге қосқан сөздер өкіметке қарсылық есебінде бағаланып, аяғынан тұсалған еді. Бір ауыз сөз бір әулетті құртқан заман болды. Өлеңнің ішінде "табынған" бір адамның есімі ғана жүру соны мадақтау қажет болатын. Өлеңнің тақырыптары тым шағын еді.
  Ашығалы бірлі -жарым әзіл -қақпа өлеңдер ғана, онда да ауызша, айтылып жүрді.
 "Он екі ауыл совет" секілді өлеңдері 1940 жылы ғана қолда болды.Ауданның тоқсан азаматы жөніндегі көлемді өлеңдері де жарыққа шыққан жоқ, үй архивінде әлде сақталған- сақталмағанын білмеймін.Ел аузында айтылғанын естімедім.
Соғыс кезінде А.Тағановтың қанша өлең жазғаны белгісіз.Қолға түскен жартусыз деректерге қарағанда, оны біраз өлең жазды деп шамалауға болады.
"Керзі етікпен су кештік" (10.9.1942 Алексин) Тула қаласында (6.10.1942), Подольск қаласында (7.10.1942) жазған, "Бұйрық алдық шабуға" (20.11.1942), "Күйретеміз немісті"(23.5.1943), "Дұшпанды күйрету жолында" (май 1943), "Талқаны шығып дұшпанның" (1943 сочи) өлеңдеріне қарағанда, жазғаны тек осылар болмауы керек. Соғыстың соңғы жағындағы өлеңдері Шығыс Пруссиядан, жазылады, енді азда болса кеңшілік тақырыптарға ойысады "Бүлдіршіндерге тілек" (7.2.1945), "Бүлдіршіндерге жауап" (15.4.1945), "Жеңіс туын желбіретіп" (15.4.1945)
  Соғыстан кейін Ашығалының өлең жазғанынан хабарым жоқ, әйтеуір көзге түспеді.Рас, соғыс кезінде жазған бір топ өлеңдерін "Атамекен" (Атырау) газетіне жариялағаны бар.
  Бұл кітапқа шежіреші, ел басқаруға араласқан, ақындығыда болған А.Тағановтың ру шежірелерінен үзінді қоса беріліп отыр.
  Мен эссемді ауданымызға келген ұлы жүз жігіті, ақын Несіпбек Исахметовтің өлеңімен аяқтағым келеді, ол:
  Жылойдың осы екен ғой қызы деген,
  Кеудеме кете бардым тізіп өлең.
  Қалар ем мәңгі жас боп,жүре берсем-
  Қалқаның судан қайтқан ізімен.

Жерімнің, елімнің ұлы да, қызы да мәңгі жас болып өсе бергей, бақытты болғай!
   
  Жанаш Нұрмұхан, ақын, қайраткер,
  КСРО және ҚР білім беру ісінің үздігі,
  Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі,
  Жылыой ауданының құрметті азаматы.
  2008 жыл, маусым.
P.S. Ашығалы Тағановтың туғанына биыл 105 жыл.

 
 

 
   

Саиттагы маліметтерді жариялаган кезде сілтеме жасалуы тиіс
Авторлык кукык ©ashygaly.kz 2008