|
Өкіл әке-шеше туралы үзік сыр
Мен , 1966 жылы қараша айында Қосшағыл кентіне үлкен шаңыраққа келін боп түстім . Атам Оразақай баласы Аманбай Ашығалы әкемен құрдас, сыйлас әрі дос адам екен. Енем болса, Терекбай қызы Гулшара Жаңыл әжемізбен кішкентайынан бірге өскен ауылдас, сырлас болған. Кейіннен екеуі де шаңырақ көтеріп, бір ауылда дәмдерінің соңғы күніне дейін бірге араласып тұрған. Қазақтың дәстүрі бойынша өкіл әке- шешем болып, жақсы көңілдерімен, тәрбиелі істері мен ақылдарын беріп отырды.
Келін болып түскен Ембі ауданы, казіргі Жылыой ауданы, бір кездерде "Кең Жылыой" атанған ел болған. Халқы қонақжай, ақ жарқын бір-біріне үлкен құрметпен қарайтын, басқа жақтан келген адамды бауырына тартып, сыйлайтын кішіпейіл жандар екен.
Өкіл ата-әжем осындай жандар еді. Ата елге сыйлы , ел үшін үлкен жұмыстар атқарған, ақылды, парасатты, кішіге қамқоршы, әңгімені тамаша айтушы еді. Әжеміз орта бойлы, ақ сары келген, өте қайратты, қолы ашық, мейірімді болатын. Мені өзінің туған қыздарынан кем көрмейтін. Әрдайым ақыл - кеңес беріп отыратын.
Екеуі де ислам дінін берік ұстап, онын парызы - бес уақыт намазын еш уақыт қаза жібермейтін. Осы өкіл әке- шеше тәлім-тәрбиесін алған кейінгі ұрпақтары да өнегені жалғастырып келеді. Осылайша, ардақ тұтқан асыл жандарды әр кез есіме алып, кейінгі ұрпақтарыма айтып отыруды өзіме - парыз санаймын .
Жанырыс Күмісқалиқызы - өкіл қызы Қосшағыл кенті.
|